Павлодар облысында жол сапасына бақылау күшейтілді

Павлодар облысында жол сапасына бақылау күшейтілді
Фото: Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығынан

Назар кепілдік мерзіміндегі жолдарға түсіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының мәліметіне сәйкес, жалпы ұзындығы 154,02 шақырым болатын жол учаскелері тексерілді.

Атап айтқанда, Ақтоғай – Шолақсор автожолы (14–15 км, 29–30 км, 35–48 км, 50–54 км, 59–60 км, 72–76 км), Ақтоғай – Шолақсор (156,67–164 км), Чернорецк – Ольгино – Успен – Шарбақты (53–68,34 км), Панфилово – Бестөбе (49–64 км) және облыстық жолдардың өзге де бөліктері қамтылды.

– Тексеру нәтижесінде бірқатар учаскелерде ақаулар анықталды, – деді орталықтың облыстық филиалының инженері Мейрамбек Ниязов. – Жол жиегінде әртүрлі тереңдік пен ұзындықтағы шайылулар тіркелді. Олар қыстан кейін еріген қар суының әсерінен топырақтың шайылуынан пайда болған.

Сонымен қатар мамандар жол жиегінің көлденең профилінің бұзылғанын және бекіту қабатының ішінара бүлінгенін анықтады.

Тексеру қорытындылары ақауларды жою үшін мердігер ұйымдарға жолданды. Жұмыстар кепілдік міндеттемелер аясында орындалады.