Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, адам өлімі тіркелді

Павлодар облысында жолаушылар автобусы аударылып, адам өлімі тіркелді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция қылмыстық іс қозғап, апаттың себептерін анықтап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қараша күні «Павлодар–Қызылорда» автожолында, Шідерті кентінен 10 шақырым жерде рейстік автобустың жүргізушісі көлікті басқара алмай, оны жол жиегіне аударып алған. Салдарынан бір жолаушы көз жұмып, тағы алты адам түрлі дене жарақаттарын алды.

Полиция бұл жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, автобуста шамамен 50 жолаушы болған. Оқиға орнына жедел жәрдемнің бес бригадасы және Апаттар медицинасы орталығының бір бригадасы жіберілді.

Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерін, жылдамдық режимін қатаң сақтауды, қозғалысы қарқынды учаскелерде барынша абай болуды, көлік құралдарының техникалық жағдайын қадағалауды және ауа райының өзгеруін ескеруді еске салады.