Павлодар облысында журналистік ұйымның басшысы ауысты
Қазақстан журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының жаңа басшысын жұртшылыққа облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық филиалдың жаңа басшысы белгілі тележурналист, «Қазақстан» телеарнасының меншікті тілшісі Болат Аманбаев болды. Облыс әкімінің орынбасары ұйымның бұрынғы басшысы Александр Вервекинге жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.
– Көпшілік Болат Советұлын өз ісінің нағыз маманы ретінде біледі. Ол тележурналистикаға үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, Болат Советұлы облыстың өзекті мәселелерін үнемі көтеріп келеді. Мәселен, былтыр Екібастұзда болған төтенше жағдай кезінде белсенділік танытып, сол үшін тиісті министрлік марапаттады, – деді Серік Батырғожинов.
Өз кезегінде Болат Аманбаев облыс басшылығына және әріптестеріне сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.
– Бұл үлкен жауапкершілік. Бүгінгі журналистиканың мәселесі – қазіргі заман талабына сай жұмысымызды қайта форматтауымыз қажет. Жаңарту керек. Осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, - дейді Болат Аманбаев.
Сонымен қатар, Серік Батырғожинов журналистер тек проблемаларды ашумен шектеліп қалмауы керектігін атап өтті. Оның ойынша, әділетті Қазақстанда барлығы, соның ішінде БАҚ өкілдері де осы мәселелердің шешімін табуға тырысуы керек.
Фото: Ольга Бугаева