Павлодар облысында құтырудың алдын алу акциясы өткізіледі
28 қыркүйек – Дүниежүзілік құтыруға қарсы күрес күні, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, атаулы күн аясында өңірде 25-29 қыркүйек аралығында құтырудың алдын алу бойынша акция өткізіледі. Іс-шараның мақсаты – аурудың салдарына назар аудару, алдын алу шаралары туралы ақпарат тарату.
– Құтыру вирусы – аса қауіпті өлімге әкелетін жұқпалы ауру. Ол әлемнің 150-ден астам елінде тіркелген. Уақытылы егу арқылы өлімге әкелетін аурудың алдын алуға болады. ДДСҰ мәліметтері бойынша, адамдардың құтырудан қайтыс болуының басым көпшілігінде (90% - да) инфекцияның берілу көзі иттер болады, – дейді басқармада.
Айта кетерлігі, Дүниежүзілік құтыруға қарсы күрес күні алғашқы құтыруға қарсы вакцинаны жасаған француз микробиологы Луи Пастердің қайтыс болу күніне орай 28 қыркүйекте өтеді. Бұл күн БҰҰ-ның Халықаралық күндер жүйесіне кіреді және 2007 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.