Павлодар облысының әкімі жаңа мектептің құрылысшыларына алғысын білдірді
Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы өңір басшысы Instagram парақшасында мәлімдеді.
– Бүгін Павлодар қаласындағы Гагарин көшесінде жаңа №47 мектебі ашылды. Балалардың кең, заманауи мектепте білім алып, армандарына қадам басуына жағдай жасалып жатқанына мен аса қуаныштымын. Білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Келешек мектеп» бастамасы аясында бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтаған Samruk-Kazyna Construction компаниясына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп жазды Асайын Байханов.
Оның айтуынша, 805 оқушыға арналған жаңа мектепте балалардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік бар. Жайлы сыныптар, STEM-зертханалар, спорт залдары, кітапхана мен шығармашылық кабинеттер жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған.
– Соңғы үш жылда облыста 10 мектептің ашылуы – мыңдаған бала үшін жаңа мүмкіндік, жарқын болашақтың бастауы. Оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жетістіктері ұстаз еңбегінің, ата-ана қолдауының және балалардың табандылығының айқын дәлелі, – деп атап өтті өңір басшысы.
Ол оқушыларға жарқын жеңістер, ал ұстаздарға сарқылмас шабыт пен шәкірт алғысын тіледі.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Павлодар облысында қарқынды іске асуда. Соңғы екі жылда екі мектеп салынды. Жаңа білім ордаларында кең әрі жарық сыныптар, заманауи оқу жабдықтары, спорт залдары мен спорт кешендері қарастырылған. Алдағы уақытта Ертіс ауданында, Екібастұзда және Кенжекөл ауылында жаңа білім беру нысандарын салу жоспарланған.