Павлодар облысының солтүстік аудандары ерекше бақылауда – ТЖД

Павлодар облысының солтүстік аудандары ерекше бақылауда – ТЖД
Фото: Валерий Бугаев

Су тасқынына қарсы іс-шаралар Жалаулы ауылында да жалғасуда, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше,  өңірде жеті автожол учаскесі бақылауда. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатқан елді мекендердің (Ақтоғай – 2, Тереңкөл – 2, Ертіс – 3, Шарбақты – 1,) сегіз учаскесі бақылауда.

Қардың еруі, қатты нөсер жаңбырдың салдарынан Ақтоғай, Шарбақты және Ертіс аудандарындағы 18 тұрғын үй су астында қалды.  

– 3 сәуірде Ертіс ауданының Ұзынсу ауылын су басу қаупіне байланысты жергілікті атқарушы органдар автокөліктің барлық түрлері үшін «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» республикалық маңызы бар автокөлік жолының учаскесінде қозғалысты жабу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деді департаментте.

Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылында су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Су тасқынына қарсы іс-шаралар Жалаулы ауылында да жүргізілуде. Барлық жұмыс кезеңінде 1100 қапшық төселді, 270 тонна инертті материал әкелінді және төгілді, шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылды.

Қазіргі таңда облыстың солтүстік аудандары ерекше бақылауда. Железин мен Тереңкөл аудандарында елді мекендерден еріген қар суын бұру бойынша бөгеттерді толықтыру және арықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде, мотопомпалар жұмыс істеуде.

 Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 350 адам, 137 техника, 39 мотопомпа, екі жүзу құралы жұмылдырылды. Бұл – ТЖД, ЖАО, жол қызметі және полиция департаментінің күштері мен құралдары.