Павлодар облысының дамуына үлес қосқан талантты жастарға қолдау көрсетіледі

Павлодар облысының дамуына үлес қосқан талантты жастарға қолдау көрсетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар арнайы премияның иегері атана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«New Vision Team» қоғамдық қоры «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» атты облыстық байқауына өтінімдерді қабылдау басталды. Өтінімдер 15 шілдеден 15 тамызға дейін қабылданады. 

Премия келесі 10 номинация бойынша табысталады:

1. Ғылым – ғылыми-зерттеу қызметіндегі жетістіктері, озық әдістемелерді енгізуі, ғылыми жарияланымдары және ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін;

2. Білім – жоғары академиялық жетістіктері, олимпиадалардағы, конкурстардағы жеңістері және оқу өміріне белсенді қатысқаны үшін;

3. Спорт – спорттағы ерекше жетістіктері, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіске жеткені үшін;

4. Мәдениет – шығармашылық жетістіктері, мәдени құндылықтарды сақтау және насихаттау үшін;

5. Бизнес – кәсіпкерлік идеяларды табысты іске асырғаны, өз жобаларын іске қосқаны және жастар бизнесін дамытуға қосқан үлесі үшін;

6. Журналистика – жарқын журналистік материалдар жасағаны, медиа-мәдениетті дамытқаны және әлеуметтік маңызды тақырыптарды қамтығаны үшін;

7. Өндіріс қызметкері – кәсіби жетістіктері, бастамашылдығы және өндірістік кәсіпорындағы жоғары жауапкершілігі үшін;

8. Қоғамдық қызмет – белсенді азаматтық ұстанымы, әлеуметтік жобаларды іске асыруы және қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін;

9. Инновациялар мен технологиялар – IT, бағдарламалау, инженерия және робототехника салаларындағы жобаларды әзірлеп, іске асырғаны үшін;

10. Медиакоммуникациялар – пайдалы контент жасағаны, цифрлық мәдениетті дамытуы және әлеуметтік желілер арқылы жастар аудиториясына әсер еткені үшін.

Премияға үміткер бола алатындар – 14 пен 35 жас аралығындағы, түрлі номинациялар бойынша халықаралық, республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық сипатқа ие және өз саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген жастар.

Қосымша ақпаратты @nvt_kz Инстаграм парақшасынан алуға болады. 

Қатысушы құжаттарды белгіленген тәртіп бойынша М.Жүсіп көшесі, 189-үй, 4-қабат, 412-кабинетке қолма-қол тапсырады.