Павлодар полицейлері бір күнде 800-ден астам құқық бұзушылықты анықтады
Тәртіп сақшылары өңірдегі қылмыстың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген патрульдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен тәулікте облыстық полиция қызметкерлері 876 құқық бұзушылықты анықтады, олардың 485-і қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты.
– Рота мен патрульдік полиция батальонының нарядтары күн сайын қызметке шығып, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Негізгі назар қылмыс көп тіркелетін аудандарға және азаматтар көп жиналатын орындарға аударылады. Патрульдік қызмет тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындармен тығыз байланыста болады. Инспекторлар тек жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалап қана қоймай, оқиға орындарына бірінші болып жетіп, қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз етеді және қылмыстарды «ізін суытпай» ашуға көмектеседі, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Облыстық полиция департаментінде атап өткендей, құқық бұзушылықтар арасында көбінесе тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру және ұсақ бұзақылықтар тіркеледі.
Сонымен қатар, ауа райының өзгеруіне байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, сақ болуды және өңірдегі ауа райы жағдайы туралы келетін SMS-хабарламаларға әрдайым назар аудару керектігін ескертеді.