Павлодар теміржол вокзалында зардап шеккен ер адам қайтыс болды
Оқиға теміржолдағы бағыттамалы бұрманың маңында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған. Онда 30 қыркүйекте Павлодар теміржол вокзалында ер адамның аяғын пойыз басып кеткені айтылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы сол күні Г. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға 22 жастағы ер адамның аса ауыр жағдайда жеткізілгенін растады. Дәрігерлер оның бірнеше ауыр жарақат алғанын, сол жақ аяғының жарақат салдарынан кесіліп қалғанын анықтаған.
Науқасқа шұғыл ота жасалып, кейін бірнеше рет хирургиялық араласу жүргізілген. Ол қарқынды терапиядан өтіп, реанимациялық көмек алған. Алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, алған жарақаттарының ауырлығына байланысты ер адам 8 қазанда көз жұмды.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Оқиға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының екінші бөлігі – «Теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын абайсызда адам өліміне әкеп соқтыратындай бұзу» бойынша тергеліп жатыр.