Павлодар жастары: «Технология керек, бірақ түп-тамырды ұмытпау шарт»

Павлодар жастары: «Технология керек, бірақ түп-тамырды ұмытпау шарт»
Фото: Валерий Бугаев

Жас буын өкілдері өңір басшысының қатысуымен өткен жиында Жолдау туралы өз пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады. Онда экология, білім, технология және жастардың ел дамуындағы рөлі сияқты маңызды тақырыптар қозғалды.

Өңір жастарының атынан сөз сөйлеген Абзал Қабдраш еліміздегі экологиялық жобалардың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, көпшілік экологияны тек көзбен көрінетін тазалық емес, ішкі мәдениет пен сананың тазалығы деп түсінеді.

– «Таза Қазақстан» – бұл тек 500 адаммен сенбі күні шыққан сенбілік емес. Табиғатқа демалуға барған әр адам бір пакет қоқыс алып кетсе, бұл да – үлес. Міне, осыдан «Таза Қазақстан» идеологиясы пайда болады, – деп пайымдады Абзал Қабдраш.

Жолдауда айтылған жасанды интеллект мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір жастардың көбі IT саласына қызығады, боттар жасайды, қосымша құрастырады, TikTok-та контент түсіреді. 

– Telegram-бот жасасақ – ол қазақша сөйлесін. Видеоролик түсірсек – күлкілі ғана емес, пайдалы да болсын. Стартап бастасақ – ол қоғамның нақты мәселесін шешсін. Жасанды интеллект деп жүріп, табиғи болмысымызды жоғалтып алмайық, – деді Абзал Қабдраш жастарға үндеу салып.

Жаңа буын өкілінің сөзінше, Президенттің Жолдауда: «Ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз» айтқан сөзі үміт ұялатады. 

– Шетелдің білімін алып, шетте жүрген жерлестерімізді кіндік қаны тамған Ата мекеніне қайтару керек. Облысымызда дарынды жастар өте көп. Оларға тек қана қолдау керек. Соның бірі Серікболсын Дүйсембай, – деді ол. – Серікболсын – қазақ жастарының әлеуетін дәлелдеген азаматтардың бірі. Баянауылдан шыққан, 28 жасында Сауд Арабиясындағы Король Абдулла университетінде математика ғылымдарының докторы атанған ақын әрі физик жігіт. Екі бірдей онлайн мектептің негізін қалап, мыңдаған балаларға қазақ тілінде білім беріп, НЗМ, БИЛ сияқты мектептерге оқуға түсуіне септігі тиген осы елдің баласы. Жеке меншік мектеп ашатындай қауқары да, қабілеті бар жігіт.

Ал жас маман Нұрсұлтан Мұсахан – күн энергиясы саласында жұмыс істейді, Оксфордта ғылыми зерттеулер жүргізеді, әлемге танымал ғалым Мартин Гриннің шәкірті. Ол да – Қазақстанның тумасы, егер елде жағдай жасалса, білгенін бөлісуге дайын.

Облыс басшысы айтылған сөздерге қосылатының атап өтті. Асайын Байхановтың сөзінше, өңір жастары бұлай ойлайтын болса, ел мен облыс келешегі жарқын болады.