Жыл басынан Павлодар облысында мас күйінде елуден астам жүргізуші ұсталды
Олар жазасын өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл өңірде полиция жол қозғалысы ережелерін бұзудың 12 мыңнан астам дерегін анықтады. Тек демалыс күндері облыс жолдарында 843 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 4 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – патрульдік полиция қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі.
– Мәселен, Успен ауданында полиция қызметкерлері Volkswagen Golf маркалы автокөлікті тоқтатты. Әңгімелесу барысында жүргізушіден өткір иіс сезілген. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік мас күйінде болғаны анықталды, – деп атап өтті департаментте.
Сонымен қатар полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді: жадынамалар таратылып, жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі ескертіліп, жолда мұқият болуға шақырылды.