Павлодардағы №45 ҚАЖ мекемесінде кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні өтті

Павлодардағы №45 ҚАЖ мекемесінде кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шағын және орта бизнес өкілдері мекеменің өндірістік цехтарымен танысып, сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктері туралы ақпарат алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, іс-шараға еңбек ресурстарын тарту және өндірістік қызметті кеңейтуге мүдделі шағын және орта бизнес өкілдері, соның ішінде жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер мекеме аумағындағы өндіріс орындарымен танысып, сотталғандарды еңбекпен қамтуға арналған мүмкіндіктер мен жағдайлар туралы ақпарат алды.

Экскурсия барысында тігін, ағаш өңдеу, металл өңдеу цехтары және бизнес сұранысына ие басқа да өндірістік нысандар көрсетілді.

Сотталғандарды еңбекпен қамту бөлімшесінің бастығы Асқар Шайхенов кәсіпкерлерге ынтымақтастықтың құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері мен келісімшарт жасау тәртібі туралы толық түсінік берді.

Еңбекпен қамту жөніндегі мекеме бастығының орынбасары іс-шара барысында олар бизнес өкілдерімен тұрақты әріптестік орнатуға мүдделі екенін, бұл тек сотталғандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бостандықтағы өмірге бейімделуіне де ықпал ететінін атап өтті.