Павлодарда құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған профилактика кабинеті ашылды
Оңтүстік полиция бөлімінде құқықтық профилактика күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Павлодар облысы полиция департаментінің ұйытқы болуымен Оңтүстік полиция бөлімінің №14 тірек пунктінде құқықбұзушылықтардың алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактика кабинеті ашылды.
- Жаңа кабинет әртүрлі бағыттар бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізуге арналған алаңға айналады. Мұнда отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың және өзге де профилактикалық сипаттағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіледі, - дейді Оңтүстік полиция бөлімінің бастығының орынбасары Алтынбек Медьяров.
Алтынбек Медьяров профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға, сондай-ақ қауіп-қатер тобына жататын азаматтарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Полиция қызметкерлері қайталанатын құқықбұзушылықтардың алдын алуға, жанжал жағдайларын азайтуға және заңға мойынсұнатын мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған жеке профилактикалық әңгімелер жүргізеді.
Сонымен қатар мұнда қашықтан жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар да атқарылады. Азаматтарға интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары, жеке деректерді қорғау тәсілдері және күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар түскен жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндіріледі. Мұндай профилактикалық шаралар проблемалық жағдайларды уақтылы анықтауға, құқықбұзушылықтар деңгейін төмендетуге ықпал етеді.