Павлодарда құтқарушылардың қатары толықты
Іс-шараның басында қатысушылар қаза болған қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.


Құтқарушылар аллеясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жас қызметкерлерінің ант қабылдауына арналған салтанатты рәсім өтті.
Салтанатты түрде 18 жас қызметкер ант қабылдап, азаматтық қорғау саласында қызмет етуді таңдады. Бұл күн олардың әрқайсысы үшін өміріндегі маңызды кезең болып, жауапкершілік, батылдық және ең қиын сәттерде адамдарға көмек көрсетуге дайындықтың символына айналды.

Жас құтқарушыларға Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Амрин құттықтау сөз сөйледі.
– Ол қызметкерлерді азаматтық қорғау органдары қатарына қосылуымен құттықтап, олар адамдардың өмірін қорғау сияқты ержүрек әрі абыройлы мамандықты таңдағанын атап өтті. Сондай-ақ оларға рухтың беріктігін, әріптестердің сенімді болуын тілеп, құтқарушы қызметі – тек міндет қана емес, үлкен абырой екенін ерекше айтты, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Іс-шараға азаматтық қорғау органдарының ардагерлері де қатысты.

– ТЖД Ардагерлер кеңесінің төрайымы Какима Асқарова жас қызметкерлерге арнаған сөзінде ант қабылдау тек салтанатты рәсім ғана емес, халық пен мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Ол ант сөздері әрбір қызметкердің қызметінің мәніне айналатынын айтып, жас құтқарушылардың аға буынның дәстүрін лайықты жалғастыратынына сенім білдірді, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, іс-шара аясында қызметтік міндеттерін орындауда ерекше көзге түскен және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан облыстық ТЖД қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Нәтижесінде сегіз қызметкерге төсбелгілер, медальдар, алғыс хаттар мен грамоталар табысталды.