Павлодарда «Қауіпсіз жол» рейді кезінде үш мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды
Полицейлер тоғыз күндік рейдтің қорытындысын шығарып, 25 тамыздан күшіне енетін жүргізушілерге қатысты жаңа талаптарды түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Патрульдік полиция қызметкерлері 207 автокөлікті арнайы тұраққа қойып, 108 жүргізушінің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алып қойды.
Рейд барысында қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша 1130, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану бойынша 465, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару бойынша 151, көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау бойынша 124, мас күйінде көлік жүргізу бойынша 73 және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 32 дерегі анықталды.
Брифинг барысында жол қозғалысы саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер де түсіндірілді. Олар 25 тамыздан бастап күшіне енеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, егде жастағы жүргізушілер үшін міндетті медициналық тексеру енгізіледі. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзудың жекелеген түрлері үшін жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін білу бойынша емтиханды қайта тапсырады. Сондай-ақ көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі.
Полиция өкілдерінің айтуынша, енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.