Павлодарда қайтарымсыз грант иегерлері кәсіптерін дамытып келеді
Олар алдағы уақытта жұмыс орындарын кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде грант иегерлері ұлттық өнім өндіру мен қолөнерді дамыту арқылы тұрақты табыс тауып қана қоймай, өңір экономикасына үлес қосуда.

Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының тұрғыны Абай Әйткештің айтуынша, өткен жылы «Аманат» жобасы аясында қайтарымсыз грант алып, қымыз өндірісін жаңғыртқан. Қаржыға заманауи сауу аппараты, үлкен күбі, қымыз пісетін құрылғы және басқа да қажетті жабдықтар сатып алынған. Нәтижесінде бұрын қол еңбегімен атқарылған жұмыстар толықтай механикаландырылып, өндірістің тиімділігі артқан.
– Бұрын барлық жұмысты қолмен атқарсақ, қазір өндіріс толықтай аппараттардың көмегімен жүзеге асады. Қазіргі таңда күніне 25–30 литр қымыз сатылымға шығарамыз, жалпы өндіріс көлемі 35 литрге дейін жетеді. Өнімімізді Баянауылдағы туристік орталықтарда, Екібастұз қаласының дүкендерінде сатамыз. Сонымен қатар, Астанаға және еліміздің басқа өңірлеріне жеткіземіз, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі уақытта шаруашылықта төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлер жәрмеңкесіне қатысып жатқан тағы бір грант иегері – Майқайың кентінің тұрғыны Нұргүл Дүкенбай. Ол да өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасауды кәсіпке айналдырған. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, кейін өз қаржысына қосымша құрылғылар алып, арнайы оқу курстарынан өткен.
– Қазақтың ұлттық ою-өрнектерін дәріптеуге ерекше көңіл бөлемін. Қазіргі таңда ең көп сұранысқа ие өнімдерім – этникалық әшекейлер, тойбастарға арналған бұйымдар, киімге арналған аксессуарлар және тапсырыс бойынша жасалатын ерекше сыйлықтар. Тұтынушылар Павлодар облысынан ғана емес, Астана қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінен де хабарласады, – дейді ол.
Кәсіпкер өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы қабылданатын тапсырыстар негізінде сатады. Заманауи құрылғылардың көмегімен бірнеше бұйымды қысқа мерзімде дайындауға мүмкіндік туған. Нұргүл Дүкенбайдың айтуынша, бұл кәсіпті декреттік демалыс кезінде бастап, бүгінде тұрақты табыс көзіне айналдырған.
Екі кәсіпкер де Баянауыл аудандық жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырған кәсіпкерлер жәрмеңкесіне қатысып отыр. Олар мұндай кездесулер өнімді көпшілікке таныстырып, жаңа серіктестер мен тұтынушылар табуға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар, мемлекеттік грант бағдарламалары өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға нақты қолдау көрсетіп, тың идеялардың жүзеге асуына жол ашып отырғанын атап өтті.