Павлодарда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды

Павлодарда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестерін еске алды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталып, мемориалға гүл шоқтарын қоюмен жалғасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша ардагерлер мен полиция қызметкерлері қаза тапқан әріптестерінің ерлігі мен батырлығына тағзым етеді. 

Салтанатты рәсімге Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері және қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары қатысты. Солардың қатарында Канат Сармантаевтың әкесі де болды. Ол бүгінде ұлының отбасы ұмыт қалмай, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан басшылыққа алғысын білдірді.

— Қайғылы оқиға осыдан 29 жыл бұрын, қылмыскерлерді ұстау кезінде болды. 1996 жылғы 3 маусым күні ұлым Қанат пен аға жедел уәкіл Мейрам Даулетов қызметтік тапсырманы орындау үшін автокөлікпен шыққан болатын. Олар Дзержинский мен Максим Горький көшелерінің қиылысында, «Кристалл» дүкенінің жанында  іздеуде жүрген қылмыскерге ұқсас адамды байқап, оны ұстауға әрекеттенді. Алайда әлгі адам кенет тапаншасын шығарып, ұлым мен оның әріптесіне тура оқ атты. Алған жарақаттардан Мейрам Даулетов пен Канат оқиға орнында қаза тапты, – деп еске алады марқұмның әкесі.

Жиналғандар қаза тапқан әріптестерін үнсіздікпен еске алды. Құрмет қарауылы дүркін залп  орындады. 

— Біздің әріптестеріміз қызметтік борышын атқару барысында қаза тапты, олар ең қымбат – өз өмірлерін бейбіт тұрғындардың тыныштығы үшін құрбан етті. Бұл – Ахметқали Тезекбаев, Мейрам Даулетов, Канат Сармантаев, Асылбек Бижанов, Ерлан Нұржанов, Ербол Сембаев, Фарид Қақабаев және Арли Харки. Бүгін жүрегімізде қайғы бар, бірақ біз олардың ерлігімен, батырлығымен мақтанамыз. Олар қылмыскерлерге қарсы тұрып, артқа шегінбеді. Біз күн сайын қызметке шыққанда оларды есте сақтап, бұл қаралы тізім ешқашан көбеймейтіндей қызмет етуіміз керек, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев.

Ұлттық ұлан мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан жас жігіттер соңғы сәттеріне дейін антқа адал болып, Отан мен халыққа шын ниетпен қызмет еткенін атап өтті.

Батырларымыздың есімдерін мәңгі есте сақтау үшін мемориалдарға енгізіп, олардың ерліктерін жастарға жеткізіп отыру – басты парызымыз. Себебі, нағыз батырлар бар екенін жас буын білуі керек. Қаза тапқан әріптестеріміздің ерлік әрекеттері осы қиын да жауапты жолды таңдаған жас қызметкерлер үшін әрдайым жарқын үлгі болады, – деді ол.

Жеке құрам салтанатты саппен жүріп өтті.