Павлодарда қоқыс сұрыптау кешені қалдықтарды басқару жүйесін қалай өзгертеді?
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін полигондарға жіберілетін қалдықтардың көлемі азаяды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сұрыптау желісіне Павлодар қаласының барлық аумағынан жиналған қоқыс түседі. Мұнда қалдықтар фракцияларға бөлініп, олардың бір бөлігі қайта өңдеуге, ал органикалық қалдықтар компост жасауға жіберіледі.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықовтың айтуынша, Павлодарда жыл сайын 100 мың тоннадан астам қалдық түзіледі.
– Сұрыптау желісі іске қосылғаннан кейін қалдықтардың шамамен 30 пайызын қайта өңдеуге жіберу жоспарланып отыр. Тағы 60 мың тоннаға жуық органикалық қалдық компостталып, тыңайтқыш өндіруге пайдаланылады. Полигонға тек қайта өңдеуге келмейтін қалдықтардың қалған бөлігі жіберіледі, – деді Асет Сыздықов.
Сұрыптау кезінде жалпы қалдықтар арасынан пластик, макулатура, шиналар және қайта пайдалануға жарамды басқа да материалдар бөлініп алынады. Органикалық коммуналдық қалдықтар компост жасауға бағытталады.
Қалдықтарды көму көлемінің азаюы полигондарға түсетін жүктемені төмендетіп, болашақта рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 97 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды.
Сонымен қатар өңірде қалдықтарды басқару мәселесі өзекті болып отыр. Қазір облыста қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылатын 321 нысан бар. Оның ішінде Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы үш полигон ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Қалған нысандарды талаптарға сәйкестендіріп, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу қажет.
Еске салайық, Павлодарда қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды. Бұл – ірі экологиялық жобаның алғашқы кезеңі. Жоба болашақта қалдықтарды жинаудан бастап қайта өңдеуге дейінгі тұйық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның құны 4,7 миллиард теңгені құрады. Оның 2,5 миллард теңгесін Өнеркәсіпті дамыту қоры несие түрінде ұсынды, тағы 2,2 миллиард теңгені акционерлер салды.