Павлодарда қойма ғимаратында өрт шықты
Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 мамыр күні Космонавтов көшесінде орналасқан ЖШС-тердің біріне тиесілі екі қабатты пайдаланылмайтын қоймада өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
– Оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері сөрелердің жануын сөндіріп, өрттің өзге нысандарға таралуына жол бермеді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда, – делінген хабарламада.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Азаматтардан ашық от көздері мен электр құралдарын қараусыз қалдырмау, сондай-ақ электр желілерінің жай-күйін уақтылы тексеріп отыру сұралады. Өрт белгілері анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет.