Павлодарда үкіметтік емес ұйымдардың жылдық жетістіктері аталды
Қалада «Инклюзивті көзқарас – әртүрлі пікір, біртұтас ұлт» атты диалог алаңы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда үкіметтік емес ұйымдардың жыл қорытынды жиыны өтті. Бұл кездесуде азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосқан үздік ұйымдар марапатталып, атқарылған жұмыстар сараланды. Шара жылы әрі ашық диалог атмосферасында өтті.

Кездесуде сөз сөйлеген облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Раисова ұйымдардың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
– Өңірде көптеген үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Солардың ішінде ең белсенділері – дәл осы залда. Сіздер халықты тыңдап, нақты шешімдер ұсынасыздар. Биыл өңірде бірнеше әлеуметтік жоба іске асырылды. Олар әлеуметтік қолдау, жастар бастамалары, экология және мәдениет салаларын қамтыды, – деді ол.
Салтанатты жиында ұйымдар мен азаматтар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда: «Үздік әлеуметтік жоба» номинациясын – «Үміт үзбеу» қоғамдық бірлестігі, «Ынтымақтастық көшбасшысы» номинациясын – Павлодар облыстық Азаматтық Альянсы және «Үздік жастар бастамасы» номинациясын – Рахат Жолдыбаевқа берілді.
«Жаңа серпін» номинациясымен марапатталған «Ертіс тұғыры» қоғамдық бірлестігі – биыл ғана құрылған жас ұйым. Соған қарамастан, олар бір жыл ішінде айтарлықтай жұмыс атқарды. Ұйым жетекшісі Толғанай Рақметова биылғы жылдың олар үшін ерекше екенін атап өтті.
– Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамдағы түрлі мәселелермен күресе отырып, рухани және адамгершілік құндылықтарды дамыту. Биыл «Жасыл ел» жасақтарымен бірге тұрғындар аумағын тазартты, ауыл балаларына арналған түрлі шаралар ұйымдастырды. Сонымен бірге «Азаматтық Альянстың» шағын грантын жеңіп алып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған шығармашылық жобаны жүзеге асырды, – деді Толғанай Рақметова.

Ал «Шабыт» номинациясының иегері – «Замандас» ардагерлер қоғамдық қоры. Биыл ұйымның құрылғанына 16 жыл толды. Бұл орталық бүгінде қаладағы ең белсенді ардагерлер клубтарының біріне айналған. Қор төрайымы Нұрбану Әмірғалиева ардагерлердің өмір салтының өзгеріп келе жатқанын алға тартты.
– Біздің аталар мен апалар бұрынғыдай үйде отырмайды. Олар да әлемді көргісі келеді. Жыл сайын Баянауыл мен Бурабайға барамыз, ал келесі жылы Маңғыстауға сапар жоспарлап отырмыз. Зейнет – бұл қартаю емес, екінші жастық шақ. Біз зейнетті үйде қарсы алмаймыз, – деді ұйым жетекшісі.
Клубта вокал, би, футбол, бильярд секілді топтар жұмыс істейді. Қатысушылар түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінгі күні клубқа 700-ден астам зейнеткер тіркелген.
Айта кетейік, Астанада еріктілер күніне орай халықаралық еріктілер сыйлығын тапсыру рәсімі өтуде. Қаланың белсенділері де өңірдің үкіметтік емес секторының жұмысын таныстыра отырып, іс-шараға қатысуда.