Павлодарда үнемделген бюджет инфрақұрылым мен әлеуметтік салаға жұмсалады
Павлодар қалалық мәслихатының XІV кезектен тыс сессиясы өтті. Сессия барысында депутаттар Павлодар қалалық мәслихатының «2026–2028 жылдарға арналған Павлодар қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселені қарастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұған дейін жоспарланған шығындар қайта қаралып, үнемделген қаражат нақты қажет болып тұрған салаларға қайта бөлінді. Атап айтқанда бюджетті нақтылау барысында аталған қаражатты қалалық инфрақұрылымның, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен әлеуметтік саланың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезектегі шығыстарды қаржыландыруға бөлу ұсынылды.
Сонымен қатар, «Достық» көп пәтерлі тұрғын үй кешенін салуға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығаруға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы келісім шарттардың жобаларын келісу мәселесі қаралды.
Қаланың бас жоспарына сәйкес, Павлодардың оңтүстік бағыттағы дамуы әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандары бар көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу үшін саяжай учаскелерін алып қою есебінен жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта «Достық» жобасының үшінші кезеңі бойынша 17 жер учаскесіне қатысты келісімге қол жеткізілді. Жалпы, 2014 жылдан бері 980 жер учаскесі алынды.
Сондай-ақ Павлодар қалалық мәслихатының бұрын қабылданған бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Барлық мәселелер мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында алдын ала талқыланды.