Павлодарда үйінді астында қалған адамды құтқару үшін жедел штаб құрылды
Жағдайды облыс әкімі бақылауда, деп хабарбайды @Pavlodarnews.kz.
7 қараша күні сағат 17:10 шамасында, Павлодар қаласындағы Каз. Правда көшесінде орналасқан құрылыс алаңында — әкімшілік ғимаратты жеке мектепке бейімдеу мақсатындағы қайта жаңарту жұмыстары кезінде - төбе жабындысының құлау фактісі тіркелді.
Оқиға орнында Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылған.
Құтқару жұмыстарына 20 қызметкер және 6 арнайы техника бірлігі тартылды.

Алдын ала мәлімет бойынша, 1967 жылы туған ер адам үйінді астында қалуы мүмкін.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жылуіздегішпен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараты және ТЖД кинологтар бригадасы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінділерді аршып, барлау және іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жағдайды облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жеке бақылауға алды.
Аталған оқиға бойынша полиция «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша Қылмыстық кодекске сәйкес іс қозғады.
Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.