Павлодарда ұландықтар пышақтасқан бұзақыларды ұстады

Павлодарда ұландықтар пышақтасқан бұзақыларды ұстады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Жанжалға қатысқан күдіктілер мас күйде болған, олардың жанынан пышақтар тәркіленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті күзету барысында Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің әскери жасағы пышақтасқан топты анықтап, екі күдіктіні қолға түсірді.

Оқиға теміржол маңындағы Павлов көшесінде болған. Патрульдеу кезінде әскери жасақ бір-біріне пышақ жарақатын салған жанжал қатысушыларын байқайды. Ұландықтарды көрген олар қашуға тырысқанымен, екі күдікті дереу ұсталған.

– Бір-біріне пышақ сілтеген күдіктілер мас күйде болды, – дейді қатардағы жауынгер Ертілек Мергембаев. 

Оның айтуынша, өзі қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін қолдана отырып, бұзақылардың қолындағы суық қаруды залалсыздандырған. Сондай-ақ ол жанжалдың бейбіт тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескеріп, жедел әрекет еткенін жеткізді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде екі азамат ұсталды. Тексеру барысында олардың жанынан екі ас үй пышағы табылып, тәркіленді.

Оқиға туралы жедел кезекші желіге дереу хабар берілген. Қазіргі уақытта тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.