Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады
Олар елдің әр өңірінен шақырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген 100-ден астам сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің әр өңірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Салтанатты шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Мамай Құрмантаев қатысты. Сонымен қатар әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздар ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері ант қабылдаған сарбаздарға жылы лебіздерін жолдады.
- Құрметті сарбаздар, сіздер Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне ақтық демдерің қалғанша адал болуға, егеменді еліміздің Конституциясы мен зандарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант бердіңіздер. Бұл өте маңызды сәт. Жауынгерлік қызметтеріңе адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін, - дейді Мамай Құрмантаев.
Сарбаздар өз кезегінде «Отан қорғаушы» деген ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін аброймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. 2025 жылдың желтоқсан айында Абай, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған Отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйреніп, әскери жарғыларды жаттаған.