Павлодарда Әбілхан Қастеевтің мерейтойына орай дербес көрме қойылады
Көрмеде қылқалам шеберінің отыздан астам акварель туындылары ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде 19 қаңтарда Ә.Қастеевтің 120 жылдығына орай музей қорынан ұйымдастырылған дербес көрмесінің ашылуы өтеді.
Әбілхан Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР Халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Суретші Жаркент (қазіргі Алматы облысы) маңындағы Шежін ауылында дүниеге келген. 1929-1931 жылдары Верный (Алматы) қаласында Н.Хлудовтың көркемсурет шеберханасында сурет салу және кескіндеме негіздерін меңгерген. 1934-1935 жылдары аралығында жас суретші Мәскеудегі Н.Крупская атындағы студияда шеберлігін шыңдады.
30-жылдардың ортасынан бастап Әбілхан Қастеев отандық бейнелеу өнерінің бүкіл салаларында шығармашылықпен белсене айналысқан. Суретші бірнеше туындысын Шығыс халықтары өнері музейі сатып, сол үшін алғашқы қаламақысын алады. Осы кезеңде суретші «Шөп шабу» (1934), «Мақта жинау» (1935), «Амангелді Имановтың портреті» (1940) сияқты туындылары жарық көрді. Өз шығармаларын қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениетіне, тарихына, туған өлкесінің сұлулығына арнайды.
Әбілхан Қастеевтің туындыларына бірегей мәнер мен туған жерге деген сүйіспеншілік тән. Бұл көрме келушілерге Қазақстанның ХХ ғасырдағы өнерімен танысуға тамаша мүмкіндік береді.