Павлодарда әлеуметтік мамандарға арналған мобильдік қосымша таныстырылды

Павлодарда әлеуметтік мамандарға арналған мобильдік қосымша таныстырылды
Фото: istockphoto.com/Charday Penn

Жоба өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жылдам және кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге бағытталған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Шараға облыстың қала және аудандардағы отбасын қолдау орталықтарының мамандары қатысты. Іс-шараны қалалық «Отбасын қолдау орталығы» ұйымдастырды.

Бүгінде өңірде отбасыларға көмек көрсету мақсатында сегіз орталық жұмыс істейді. Семинардың ашылуында орталық директоры Гүлнәр Нұржанова мекеменің қызмет бағыттарымен таныстырып, отбасылық саясат пен әлеуметтік қолдаудағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Сондай-ақ, шара барысында «FSM Social» мобильдік қосымшасы таныстырылды. Орталықтың құрылымдық бөлім басшысы Қуаныш Жаңабердінов жаңа жүйенің мүмкіндіктерін таныстырып, оның тиімділігін түсіндірді.

– Семинардың мақсаты – мамандарды «FSM Social» қосымшасымен жұмыс істеуге үйрету. Бұл жүйе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жылдам және кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Енді бюрократиялық кедергілерсіз, бір ғана белгі арқылы қажетті шараларды ұйымдастыруға болады, – деді орталық басшысы Гүлнәр Төлегенқызы.

Қосымша аясында қалада 15 мобильді топ құрылып, оған бес ауылдық округ қамтылған. Топ құрамында денсаулық сақтау, білім беру және ішкі істер органдарының өкілдері бар. Егер көмек қажет отбасы анықталса, қосымша арқылы сигнал беріледі. Кейін нақты іс-шара жоспары жасалып, жәрдемақы рәсімдеу, құжаттарды қалпына келтіру, психологиялық немесе құқықтық қолдау көрсету сынды көмек түрлері көрсетіледі.

Семинарда жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова әлеуметтік саладағы жаңа бастамалар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, орталық директорының орынбасары Серік Жолдаспаев, құрылымдық бөлімше жетекшісі Қуаныш Жаңабердінов, психологтар Мария Тураева мен Кималь Камалова, балалар құқығы жөніндегі өкіл Сәуле Шәкенева және «Сен жалғыз емессің» жобасының авторы Айжан Қаркенова тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылар мұндай семинарлар әлеуметтік сала мамандарының кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.