Павлодарда әскери техникалар кез-келген жауынгерлік тапсырманы орындауға әзір
Әскери техникалардың жағдайы тексерістен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Павлодардағы әскери техникалардың жауынгерлік әзірлігі мен ұрысқа жарамдылығы және оның күтім жағдайы арнайы тексерілді.
Жылдағы дәстүр бойынша Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің техника, қару-жарақ, байланыс құралдары, химиялық-биологиялық қорғаныс мүліктерінің сапасы бағаланды.
- Жылдық байқаудың негізгі мақсаты әскери техникалардың күтімін, жауынгерлік әзірліктерін тексеру. Автополитуралық техниканың құрамы мен әскери техникалар және қару-жарақтар мен оқ-дәрілер де тексеріледі. Осы ретте Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлігі жеке құрамды дер кезінде діттеген жеріне жеткізетін әскери техникалардың дайындығы өте маңызды екенін айта кеткен жөн,- дейді комиссия мүшесінің төрағасы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Азамат Ғабдуллин.
Тексеріс қорытындысы бойынша Павлодар гарнизонындағы Ұлттық ұлан әскери техникалары ұрысқа дайын, кез-келген жауынгерлік тапсырманы орындауға әзір деп бағаланды. Жылдық тексеріс барысында әскери көлік жүргізушілерінің де кәсіби біліктілігі тексерілді.
Айта кетелік, мұндай байқаулар Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде жыл сайын өткізіліп тұрады.