Павлодарда әйел адам жедел жәрдем көлігінде босанып қалды

Павлодарда әйел адам жедел жәрдем көлігінде босанып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар асқынған жағдайда үйде білікті көмек көрсету мүмкін еместігін әрі үйде босану  әрқашан стерильді бола бермейтінін еске салады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметіше, алғашқы шақырту 22 маусымға қараған түні түскен. Диспетчерге 38 жастағы жүкті әйелдің суы кеткені және толғақ басталғаны жайлы хабарлама түскен. 103 қызметкерлері босану сәті келгенде оқиға орнында болды. Салмағы 3,5 келіге жуық, бойы 53 см ұл бала дүниеге келді. Анасы мен сәбиі облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.

Екінші жағдай  23 маусымға қараған түні тіркелді. 39 апта жүктіліктегі 27 жастағы әйелге жедел көмек қажет болды. Қарау кезінде оның шарана суы ағып, әр екі минут сайын толғақ болған. Пациентті облыстық перинаталдық орталыққа жеткізу туралы шешім қабылданып, қабылдау бөлімі алдын ала ескертілді. Алайда жолда әйелдің қатты күшенуі басталып, жедел жәрдем көлігінде босанған. Сәби – қыз бала – кіндігі кесіліп, денесі сүртіліп, анасына берілді. Қажетті жылулық тізбегі сақталған. Қазіргі уақытта анасы мен сәбиі мамандардың бақылауында.

103 қызметінде әрбір қызметкер босандыра алады, – дейді жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Бұл тек босану процесіне емес, шұғыл көмек қажет болатын жағдайларға да қатысты. Біздің станция базасында халықаралық стандарттарға сай шұғыл көмек көрсету курстары өткізіледі. Әрбір реанимобиль жаңа туған сәбилерді құтқаруға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Сонымен қатар, 103 қызметі медициналық мекемеден тыс босанудың, тіпті ешқандай асқынусыз өтсе де, ана мен бала үшін көптеген қауіп төндіретінін ескертеді.