Павлодарда өнім берушінің кінәсіздігі дәлелденді
Сот тараптардың «Whatsapp» мессенджерінде хат алмасуын зерттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот коммуналдық мемлекеттік мекеменің «М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап қоюы және «М» ЖШС-нің КММ-нің тауарды қабылдау және жеткізу ақысын төлеу міндеттемесі туралы қарсы талап қою бойынша істі қарады.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен өнім беруші мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Сотта КММ мен «М» ЖШС арасында жалпы сомасы 283 200 теңгеге киімдерге арналған 6 дана ағаш шкафтарын жеткізуге мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.
Тауарды жауапкер 2024 жылдың 6 наурызында жеткізген. Бірақ оны талап қоюшы қабылдамады, өйткені «анкор ақшыл» түсі талап қоюшы қалаған «анкор ақ» түсіне сәйкес келмеді.
– Апелляциялық саты тараптардың қатысуымен «Whatsapp» мессенджерінде тараптардың хат алмасуын зерттеді, одан жауапкер тапсырыс берушіден тауардың түсін растау шараларын қабылдағаны анықталды. Тапсырыс берушімен жауапкер жеткізілген тауардың түсі «анкор ақшыл» деп келісілген. КММ өкілінің басқа өнім берушілер «анкор ақ» түсіндегі шкафтарды жеткізген және жауапкердің шкафтары түсі бойынша ерекшеленеді деген уәжі негізсіз, – деді ведомствода.
Бұл жағдай тапсырыс берушінің өз әрекетсіздігі болып табылады және жеткізушіні кінәлауға болмайды. Мұндай жағдайларда тауарды «анкор ақшыл» түспен жеткізген өнім беруші кінәлі емес.
Талап қоюшының өнім берушінің жеткізу мерзімін бір күнге бұзуы туралы дәлелі «М» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға негіз бола алмайды. Бұл жағдайда талап қоюшы тұрақсыздық айыбын ұсынуға құқылы болды. Алайда мұндай талап КММ тарапынан қойылмады.
Осылайша, алқа жауапкер шарт бойынша өз міндеттемелерін орындады деген қорытындыға келді. Азаматтық кодекстің 10-бабына сәйкес мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi.
– Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеу, әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарының негізінде бірінші сатыдағы соттың жауапкер «М» ЖШС-ны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы бөлігіндегі шешімнің күші жойылып, КММ-нің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды, – деді облыстық соттың баспасөз орталығында.
«М» ЖШС-нің қарсы талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: КММ-і мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша дайындалған және жеткізілген тауарларды қабылдауға міндеттелді.
Қаулы заңды күшіне енді.