Павлодарда 1,5 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді

Павлодарда 1,5 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көмек жалпыға міндетті оқу қорынан және бюджеттен тыс қаражаттан көрсетілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының білім беру бөлімі оқушыларға жаңа оқу жылына дайындалу барысында материалдық көмек көрсету бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде.

«Мектепке жол» республикалық акциясын іске асыру шеңберінде акцияны өткізу жоспары әзірленіп, жалпы білім беретін мектептердің басшыларына тапсырмалар жіберілген. Әлеуметтік себептер бойынша мектепке баруға мүмкіндігі жоқ, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық және қаржылық көмек көрсету бойынша тізімдер жасалған.

– Материалдық көмекке мұқтаждар тізімінде 1-11-сыныптардың 1008 оқушысы бар. 23 тамыздағы жағдай бойынша жалпыға міндетті оқу қорынан жалпы сомасы 75 163 915 теңгеге 1451 оқушыға, бюджеттен тыс қаражаттан жалпы сомасы 3 100 000 теңгеге 124 оқушыға көмек көрсетілді, – деді қалалық білім беру бөлімінде. 

Сондай-ақ, акцияға жұртшылықты, кәсіпорындарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, «AMANAT» партиясына, мәслихатқа, қаланың сауда объектілеріне хаттар жолданған.

Павлодар қаласының білім беру бөлімімен қала тұрғындары үшін төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкесін өткізу бойынша да жұмыс ұйымдастырылған. Жәрмеңке 24 тамызда «Достық үйінде»  өткен. Акцияны қала мектептерінде өткізу жалғасуда.