Павлодарда абаттандырудан үздік тәжірибе көрсеткен кәсіпорындар бақ сынасады

Павлодарда абаттандырудан үздік тәжірибе көрсеткен кәсіпорындар бақ сынасады
Фото: pixabay

Іс-шара «Таза Қазақстан» жобасы аясында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық экология департаменті өңірдегі барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарды «Таза Қазақстан» республикалық байқауына қатысуға шақырады. Байқау ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен 2025 жылдың қазан айында өтетін қорытынды іс-шара аясында ұйымдастырылады.

Байқаудың мақсаты – экологиялық маңызы бар жобаларды іске асырып, санитарлық тазалық, абаттандыру, қалдықтарды басқару және қоршаған ортаны қорғау саласында үздік тәжірибе көрсеткен кәсіпорындарды анықтау және ынталандыру.

Қатысу шарттары: 2024-2025 жылдары жүзеге асырылған бастама болуы тиіс, экологиялық бағытта болуы қажет (абаттандыру, тазарту, кәдеге жарату, шығарындыларды азайту және т.б.), нәтижелер фото, видео, есеп немесе басқа да құжаттармен расталуы керек, жоба қоғамдық маңызы бар, елді мекендерге немесе әлеуметтік ортаға әсер етуі тиіс.

Кәсіпорындар өтінімдеріне растайтын материалдарын (фото, видео, есептер, қолдау хаттары) қоса тапсырады.

Өтінімдер 1 қыркүйекке дейін Павлодар облысы бойынша экология департаментінде қабылданады. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық комиссияға жолданып, қазан айында өтетін «Таза Қазақстан» қорытынды іс-шарасында марапатталады. Толық ақпарат пен сұрақтар бойынша 8 (7182) 53-29-10 телефон нөмірі арқылы білуге болады.