Павлодарда алғаш рет Counter-Strike-тен ауқымды турнир өтеді
20-26 шілде аралығында өтетін додада Қазақстанның үздік командалары жалпы жүлде қоры 15 миллион теңге үшін бақ сынайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда Қала күніне орай алғаш рет Counter-Strike ойыны бойынша Pavlodar Ertis Cup 2026 республикалық киберспорт турнирі ұйымдастырылады. Турнирдің финалдық кезеңі 26 шілдеде қаланың басты мерекелік алаңы – Ertis Promenade сахнасында өтеді.
Онлайн іріктеу кезеңіне қатысушыларды тіркеу 13 шілдеде басталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен киберспортшылар қатыса алады.
Турнирдің арнайы қонақтары ретінде әлемдік киберспорт жұлдыздары, PGL Major Kraków 2017 чемпиондары AdreN, Dosia және mou келеді. Олар жанкүйерлермен кездесіп, турнирдің финалдық кезеңіне қатысады.
Ұйымдастырушылар барлық әуесқой ойыншыларды өз командаларын жинап, жарысқа қатысуға шақырады. Бұл турнир Павлодардағы киберспорт тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.
Турнирге қатысу және тіркелу туралы толық ақпаратты +7 701 330 33 31 телефоны арқылы алуға болады.