Павлодарлық жастар тұрғындарға кибералаяқтықтың қауіпі туралы ескертті
Жоба 5000-ға жуық тұрғынды қамтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған акция өңір тұрғындары көп шоғырланатын орындарда ұйымдастырылды. Іс-шара аясында тұрғындарға құқықтық кеңес беріліп, алаяқтық, буллинг, киберқауіпсіздік және кәмелетке толмағандардың құқықтары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шараға полиция қызметкерлері, психологтар, салалық мамандар және еріктілер қатысты. Олар тұрғындарға ақпараттық парақшалар таратып, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар облыстың қала-аудандарында да өткізілуде.
- Іс-шараның негізгі мақсаты - тұрғындарға заң мен тәртіп идеологиясын түсіндіру. Бұл жоба алғаш рет өткізіліп отыр. Жалпы облыс бойынша 5000-ға жуық тұрғынды қамтуды жоспарлап отырмыз, - дейді ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жұпар Иман.
Биыл өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 240-тан астам бастама ұйымдастырылған. «Жылжымалы заң зертханасы» - солардың бірі әрі жаңа форматтағы жоба.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, аға лейтенант Сұлтанбек Қайыржанов интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңызын атап өтті.
- Негізгі мақсатымыз - тұрғындарға алаяқтардың қандай әдіс-тәсілдер мен айла-шарғыларды қолданатынын түсіндіру. Арнайы жадынамалар арқылы азаматтардың қырағылығын арттырып жатырмыз, - дейді ол.
Шараға белсенділер қатарында қатысқан №33 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Толғанай Қабдірова да шара бойынша өз ойын айта өтті.
- Еріктілер қатарына қосылудағы басты мақсатым - қоршаған ортаны қорғап, адамдарға көмектесу. Бүгінгі акция арқылы қала тұрғындарына пайдалы ақпарат ұсынып, олардың қауіпсіздігін арттыруға өз үлесімді қосамын деп сенемін, - деді ол.
Акция тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, алаяқтық пен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасып, облыстың барлық қала-аудандарында өткізілетінін айтты.