Павлодарда алаяқ жерлестерінің атынан тауар кредитін рәсімдеген
Шығынның жалпы сомасы шамамен 15 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «CiberPol» бөлімшесінің жедел қызметкерлері «Home credit bank» қызметкерлерінің көмегімен алаяқтық жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғынын ұстады.
– Күдікті өз жерлестерінің сенімін асыра пайдаланып, жәбірленушілердің дербес деректерін иемденген. Осылайша екінші деңгейдегі банктерде тауар кредитін ресімдегені анықталды. Тауар ресімделген дүкен қолма-қол ақша алуға көмектескен. Бұл ретте жазасыз қалуға үміттенген кәсіпкер қыз банк қызметкерлеріне жалған телефон нөмірлерін қалдырған, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полицейлер бүгінгі күні күдіктінің қармағына түскен өңірдің 10 тұрғыны полицияға жүгінгенін атап өтті. Шығынның жалпы сомасы шамамен 15 млн теңгені құрайды.
Алаяқтық фактілері бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті жүкті болғандықтан, бұлтартпау шарасы таңдалады.