Павлодарда Алюминий зауытына баратын жол жөнделеді
Бүгінде мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс әкімінің тапсырмасы бойынша азаматтардың көшпелі қабылдауын өткізді.
– «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлерімен кездесу өткіздім. Зауыт қызметкерлерінің көбі өз кәсіпорындарына апаратын жол мәселесін көтерді. Оларға қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүріп жатқанын, мердігерді анықтағаннан кейін асфальттау жұмыстары жүргізілетінін түсіндірдім, – деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында.
Сонымен қатар, зауыт қызметкерлері коммуналдық, денсаулық сақтау және абаттандыру, тұрғын үй мәселелері мен әлеуметтік салалар бойынша өтініштерін білдірді.
Мысалы, зауыттың «Жастар лигасы» ұйымы өкілдері Президент жариялаған 2025 жыл – Жұмыс кәсібі жылы аясында жастар саясаты желісі бойынша жаңа жобаларды іске асыру туралы ұсыныс жасады.
Азаматтардың барлық мәселелері бойынша қажетті кеңестер берілді. Хасар Хабылбеков олардың орындалуын жеке бақылауға алды.