Павлодарда анималист суретшінің жеке көрмесі өтеді

Елена Каркавина тақырыптық туындылар сала отырып, әртүрлі кескіндеме техникасында тәжірибе жасайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылдың 23 сәуір күні, сағат 16:00-де Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде суретші-педагог Елена Каркавинаның «Мозаика цвета» атты жеке көрмесі ашылады.
Каркавина Елена Александровна — 30 жылдық тәжірибесі бар суретші-педагог. 1994 жылы Кемеров көркемсурет училищесін «Кескіндеме» мамандығы бойынша тәмамдап, Павлодар қаласының № 2 Балалар көркемсурет мектебінде қызмет етті. 2005 жылдан бастап ИнЕУ-нің жоғары оқу орны мен колледжінде сабақ берді. 2005 жылы Павлодар университетін (ИнЕУ) «Дизайн» мамандығы бойынша, ал 2016 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Қазіргі таңда Павлодар қаласындағы М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайындағы бейнелеу өнері студиясында тәлім береді және «ARCUS» дамыту орталығында ақыл-ой кемістігі бар адамдарға арнап арт-терапия жүргізеді. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары атанған.
2023 жылдан бастап Халықаралық Анималист Суретшілер Одағының (Мәскеу қ.) мүшесі және облыстық, республикалық әрі халықаралық көрмелердің қатысушысы. Оның шығармашылығы рухани құндылықтарды арқау ете отырып, ішкі жан дүниесі мен қоршаған әлемнің үйлесімі мен сұлулығын бейнелейді. «Мозаика цвета» көрмесінде Қазақстанға арналған кескіндеме бағытындағы топтамасы мен акрил және майлы бояу техникасында орындалған шығармашылық композициялары ұсынылған.