Павлодарда автопарктердің лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылды
Павлодар облысында "Автобус" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 80-нен астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, іс-шара жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолаушыларды тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында өткізіледі.
- Мысалы, 20 жүргізуші көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланды.б19 қоғамдық көлік жүргізушісі маневр жасау ережелерін бұзды. Салонда жолаушылары бар тағы 10 жүргізуші көлік құралын заңсыз жабдықтаған, 9 жүргізуші техникалық тексеруден өтпеген. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін мамандандырылған айып тұрағына 3 автобус қойылды, - деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Техникалық ақаулары бар көлік құралдарын пайдалануға шығарған және өзге де пайдалану ережелерін бұзғаны үшін автопарктердің үш лауазымды адамына қатысты ҚР ӘҚБтК 617-бабы бойынша әкімшілік материалдар жасалды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері 22 автобустың техникалық сәйкестігін тексерді.
Мәселен, Екібастұзда ПАЗ маркалы автобус жүргізушісінің заңсыз қайта жабдықтау фактісі анықталды. Кәсіпкер жүргізуші қосымша орындық орнатқан. Ол үшін ҚР ӘҚБтК 7-бөлігінің 590-бабы бойынша 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен жауапқа тартылды.
- Жол жүру ережелерін бұзғаны үшін жазалау шаралары жыл сайын күшейіп келеді. Алайда жолдарда әлі де немқұрайлылық танытатын және жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін жауапкершілікті сезінбейтін азаматтар санаты азаймай тұр. Бұл абайсыздық кейде қайғылы оқиғамен аяқталады, - деп атап өтті полиция.
Павлодар облысының полиция департаменті тағы да біздің өңірдің жүргізуші құрамын, сондай-ақ жаяу жүргіншілерді жолдардағы ең аз құқық бұзушылықтарға бармауға және оларға жол бермеуге шақырады.