Павлодарда азамат колонияға есірткі жасырылған құрманы өткізгісі келген
Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №45 мекемесі қызметкерлері колония аумағына тыйым салынған заттарды жеткізуге бағытталған заңсыз әрекеттің жолын кесті.
Мекемеге қысқа мерзімді кездесуге келген 32 жастағы азамат тексерілді. Тексеру кезінде оның 29 жастағы сотталғанға әкелген сәлемдемесінің арасынан күдік тудырған орама анықталды.
Қосымша тексеріс нәтижесінде құрманың ішінен айлакерлік жолмен жасырылған пластикалық сынауықтар табылды. Олардың ішінде май тәрізді зат болған. Алдын ала болжам бойынша, аталған зат есірткі қатарына жататын гашиш майы болып шықты.
Тыйым салынған заттар тәркіленіп, материалдар әрі қарай тергеу жүргізу үшін тиісті органдарға жолданды.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті колонияларға тыйым салынған заттарды өткізуге бағытталған кез келген әрекет заңмен қатаң бақыланатынын еске салды. Айта кетейік, мұндай құқықбұзушылыққа барған азаматтар ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.