Павлодарда бірнеше жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды

Павлодарда бірнеше жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жауапты мамандар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық табиғат қорғау прокуратурасы жер пайдалану саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жасады. Жұмыс барысында жер учаскелерін беру барысында заңдылықты өрескел бұзу, сондай-ақ оларды нысаналы мақсаты бойынша ұзақ уақыт пайдаланбау фактілері анықталды.

Атап айтқанда, Екібастұз өңірінде жеке орман өсіру үшін берілген 797 гектар учаскеде ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілмеген. Осылайша,  Жер кодексінің 65-бабы бұзылған. 

Бұдан бөлек, Тереңкөл және Аққулы аудандарында су айдындарын бекітудің белгіленген тәртібі тұрғысынан алғанда, Су кодексінің талаптары бойынша міндетті келісу болмаған кезде 3-ші тұлғаға ауданы 820 га балық шаруашылығын жүргізу үшін су қорының жерлері берілген. 

Табиғат қорғау прокуратурасы анықталған бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдарға қадағалау актісін енгізді.

Ауданы 1600 гектардан асатын және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған кадастрлық құны 1 миллиард теңгеге жуық жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар, оның ішінде Жер қатынастары бөлімдерінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.