Павлодарда балабақшадағы оқиғадан кейін өшірілген бейнежазбалар қалпына келтіріледі

Оқиға маусым айында болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балалар құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова №116 балабақшада балаларға қатыгездік көрсету фактісі бойынша жаңа мәліметтермен бөлісті.
– Полицияға арызданған ата-аналардың 15 баласы сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптамадан өтті. ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының екінші бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында өшірілген бейнежазбалар қалпына келтірілді. Осыған байланысты тергеу барысында жаңа деректер мен зардап шеккендерді анықтау үшін қосымша уақыт қажет, – деді Сәуле Шәкенова.
Еске салайық, бейнебақылау камераларындағы жазбаларда балабақша қызметкерінің балаларды жұлқылағаны, шашынан тартқаны, ұрғаны және еденге құлатқаны анық көрінген. Полиция бұл факті бойынша кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау бабымен қылмыстық іс қозғаған.
Бұдан бөлек, білім беру басқармасы басшысының бұйрығымен барлық балабақшаларда күн сайын бейнебақылау жазбаларын тексеретін арнайы қызметкер жұмыс істейді.