Павлодарда бес жасар балаға аяқты ұзарту отасы сәтті жасалды
Емдеу тәсілі науқасқа зиян келтірместен етіп таңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық балалар ауруханасына оң аяғының туа біткен қысқаруымен бес жастағы баланың ата-анасы жүгінді. Сырт көзбен қарағанда, аяқтары арасындағы айырмашылық аса үлкен емес болып көрінгенімен, бала жасында мұндай ерекшелік уақыт өте келе жүрісіне, дене қалпына және жалпы физикалық дамуына әсер етуі мүмкін еді. Сондықтан мұндай жағдайда емдеуді кейінге қалдырмай, мамандардың тұрақты бақылауында болу өте маңызды.
Тексеру мен баланың өсу қарқынын бағалаудан кейін Павлодар облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері заманауи емдеу әдісін таңдады. Бұл әдістің мәні – ұзын аяқтың өсуін уақытша баяулату арқылы екінші аяқтың біртіндеп ұзындығын теңестіруге мүмкіндік беру. Мұндай тәсіл айырмашылықты табиғи әрі жұмсақ жолмен түзетіп, баланың күнделікті белсенділігін сақтауға көмектеседі.
Айта кету керек, бүгінде мұндай операциялар тек республикалық клиникаларда ғана емес, өңірлік деңгейде де сәтті жүргізілуде. Павлодар облыстық балалар ауруханасында бұл емдеуді жүргізу үшін барлық қажетті жағдай, тәжірибе және заманауи технологиялар бар.
Аз инвазивті хирургиялық араласуды травматология бөлімінің меңгерушісі Мирхат Іргебаев және травматолог дәрігер Александр Савич жүргізді. Ота минималды жарақаттылықпен орындалды.
Операциядан кейін баланың жағдайы жақсы болды, оңалту кезеңі тыныш әрі асқынусыз өтті. Алда – мамандардың тұрақты бақылауы мен өсу процесін кезең-кезеңімен қадағалау.
Айта кетейік, былтыр мұндай төрт операция жасалды. Олар 6-7 жастан бастап жүргізіледі және өсу аймағы жабылғанға дейін орындалады. Бұл кезеңде 3-4 жылдық уақыттың болуы маңызды. Ұл балаларда өсу аймақтары сәл ертерек, ал қыз балаларда сәл кешірек жабылады. Бала толық өсіп жетілген кезде немесе жасөспірім кезеңінде бұл ота жарамсыз деп танылады.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы балаларға тек диагнозбен күресуге емес, белсенді, дені сау және толыққанды өмірге сенімді қадам басуына көмектеседі. МӘМС жүйесінде балалар тегін медициналық көмек алады.