Павлодарда болашақ рестораторлар тартысты
«Restaurant Service» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills-2026» өңірлік чемпионаты өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Байқау жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдап, қызмет көрсету саласына жаңа серпін беруді көздейді.
Чемпионатты «ТАЛАП» КЕАҚ, Павлодар облысы білім басқармасы және өңір колледждері ұйымдастырды. Іс-шараға студенттер, оқушылар, тәлімгерлер мен сарапшылар қатысып, ресторан сервисі саласындағы өз дағдыларын көрсетуде. Биылғы чемпионат ең талантты әрі мақсатшыл жастарды біріктіріп отыр.
Байқау бағдарламасы бірнеше күрделі модульден тұрады. Қатысушылар «Fine Dining» форматында қызмет көрсетіп, жоғары деңгейдегі ас мәзірін ұсыну, фламбе жасау, жеміс табағын әзірлеу және алты адамға шампан құю сияқты тапсырмаларды орындайды. Бұл сынақтар нақты мейрамханадағы бір күндік жұмысты толықтай модельдейді.
Чемпионатқа Тереңкөл ауданы колледжінің студенті Таисия Беляева, технологиялық колледж студенті Светлана Новых және сервис пен тамақтану колледжінің студенті Арсений Ким қатысты. Әр қатысушыға тәжірибелі сарапшылар бекітілген, ал бас сарапшы Альмира Садриденова болды.

Жас қатысушылардың бірі Арсений Ким бұл салаға деген қызығушылығын жасырмады. Оның айтуынша, қызмет көрсету мен аспаздық өнер оған ерекше мотивация береді.
- Маған адамдарға қызмет көрсету, олармен қарым-қатынас жасау және тағам дайындау өте ұнайды. Бұл істердің барлығы маған қуаныш пен үлкен ләззат сыйлайды. Алдымен аймақтық кезеңде жеңіп, кейін республикалық деңгейге өтіп, жақсы жұмыс табуды жоспарлап отырмын, - дейді ең жас конкурсант.
Сарапшылардың айтуынша, чемпионат тек жарыс емес, кәсіби дайындықтың маңызды кезеңі болып табылады. Қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибеде толық көрсетеді.
- Бұл чемпионат – «даяшы» және «сомелье» біліктіліктері бойынша білім мен дағдыларды толық тексеру. Қатысушылар бір күндік жұмыс процесін толықтай модельдеп, үстелді дұрыс жабдықтаудан бастап қонақтарды қарсы алуға дейінгі барлық кезеңдерді орындайды. WorldSkills жүйесі төрт кезеңнен тұрады: оқу орнындағы іріктеу, аймақтық, республикалық және халықаралық деңгей, - дейді облыстың бас сарапшысы Альмира Садриденова.
Аймақтық чемпионат қорытындысы бойынша үздік қатысушылар анықталып, олар республикалық кезеңде Павлодар облысының намысын қорғайтын болады.