Павлодарда болашақ сарбаздардың әскери-далалық жиыны басталды

Павлодарда болашақ сарбаздардың әскери-далалық жиыны басталды
Фото: Константин Шелков

100-ге жуық студент казармалық тәртіпте тәжірибе жинайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі базасында бірінші курс студенттеріне арналған бес күндік жазғы далалық жиыны басталды. Шараға Павлодардағы жоғары инновациялық көпсалалы мен политехникалық жоғары колледжінің білім алушылары қатысуда.

Оқу-жаттығудың мақсаты – жастарды тәртіпке, жауапкершілікке баулып, патриоттық рухын көтеру және Отан қорғауға дайындау. Бағдарлама аясында қатысушылар әскери дайындықтың негізгі бағыттарымен танысып, саптық және тактикалық жаттығуларға қатысады. Сондай-ақ қорғаныс саласындағы негізгі білімдерді меңгеріп, әскери қызметтің ерекшеліктері туралы мәлімет алады. 

Оқу-жаттығу жетекшісі, аға лейтенант Жоламан Жұмаділовтің айтуынша, мұндай жиындар оқу жылының соңында дәстүрлі түрде өткізіледі. Алайда биыл іс-шара ауқымды форматта ұйымдастырылған.

Бұл жолы жиынды колледж базасында емес, әскери-техникалық мектеп базасында өткізуді жөн көрдік. Екі колледждің студенттерін біріктіріп, шараны мазмұнды әрі көлемді етуге тырыстық, – деді ол. 

Кездесуге ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметі, ҚР Ұлттық ұланы, аумақтық қорғаныс бөлімдері мен әскери-техникалық мектептің офицерлері және сержанттары  тартылған. Олар қатысушыларға өз құрылымдарының жұмыс ерекшеліктерін түсіндіріп, арнайы техника мен қару-жарақ үлгілерін ұсынады.

- Бірінші күні ҰҚК Шекара қызметінің арнайы жасағы жігіттерге қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетеді. Полиция қызметкерлері техника мен қару-жарағын көрсетсе, кинологтар қызметтік иттерді дайындау және пайдалану тәртібі туралы мәлімет береді, – деді Жоламан Жұмаділов.

Бағдарлама бойынша жастар төрт күн әскери-техникалық мектеп базасында білім алады. Бір күн арнайы автодромға далалық шығу ұйымдастырылып, инженерлік және атыс дайындығы бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді. Алайда қатысушылардың жасы кәмелетке толмағандықтан, нақты оқ атуға рұқсат берілмейді.

Бағдарлама барысында студенттер казармалық тәртіпке бейімделеді. Олар күн сайын сағат 08:00-ден 15:00-ге дейін әскери режим талаптарына сәйкес сабақтарға қатысады.

Бұл әскери ұйым болғандықтан тәртіп басты орында. Сондықтан, жастар уақытты тиімді пайдалануға, жауапкершілік танытуға және тәртіпке бағынуға машықтанады, – деді жиын жетекшісі.

Жазғы жиындар тек жігіттерге ғана емес, қыздарға да негізделген. Қыз балалар әскери-медициналық дайындық сабақтарына қатысып, алғашқы медициналық көмек көрсету мен таңу жұмыстарын жүргізу дағдыларын меңгеруде. Ұйымдастырушылар оқу-жаттығу  барысында оларды әскери қызметтің мүмкіндіктерімен де таныстыруды жоспарлап отыр.

Бұл іс-шараға тәжірибе жинақтап, әскери өмірдің қыр-сырын тереңірек білу үшін келдім. Әкем шамамен 28 жыл әскери қызмет атқарғандықтан, бала кезімнен осы салаға қызығушылығым болды. Болашақта Қарулы Күштер қатарында қызмет етуді жоспарлаймын. Әсіресе, аэромобильдік және десанттық бөлімдерге ерекше ықыласым бар. Сонымен қатар, екі жылдан бері нысана көздеу спортымен айналысып келемін, сондықтан мергендік машығым қалыптасқан, – деді Павлодар политехникалық жоғары колледжінің бірінші курс студенті Алексей Сорокин.

Бес күндік далалық жиындар барысында студенттер әскери ортадағы күн тәртібін сезініп қана қоймай, болашақ қызметке қажетті алғашқы практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алады.