Павлодардағы қоқыс өңдеу зауыты қандай болады

Павлодардағы қоқыс өңдеу зауыты қандай болады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл жоба елдегі үшінші нысан болады деп көзделуде. Бұған дейін осындай зауыттар Астана мен Қызылордада іске асқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда қоқыс өңдеу зауытының бірінші кезеңі – сұрыптау орталығын салуға экологиялық рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өтті. Кәсіпорынның техникалық ерекшеліктері туралы жобалау ұйымының өкілі Гаухар Ақберген баяндап берді.

Оның айтуынша, болашақ қоқыс сұрыптау зауытында тұрмыстық қатты қалдықтарды (ТҚҚ) фракциялар бойынша бөлуге арналған заманауи желі қолданылады. Бұл жүйе қалдықтарды тиімді сұрыптап, полигондарға түсетін көлемді азайтып, олардың пайдалану мерзімін ұзартады.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 200 мың тоннадан асады. Мұндай нысандар үшін қызметтің ықтимал әсерін скринингтен өткізу міндетті болып саналады. Биылғы жылы кәсіпорын қоршаған ортаға әсерді бағалаудың ауқымын анықтау туралы қорытынды алып, жеңілдетілген тәртіп бойынша экологиялық сараптамадан өтетін болды.

Жоба Павлодардың Орталық өнеркәсіптік ауданында, №2239/1 учаскесінде орналасады. Бұл жерде құрылыс жоқ, радиусында екі шақырымда тұрғын үйлер жоқ. Ең жақын өндірістік нысандар шамамен бір шақырым қашықтықта. Қоныстану аймағы 2,45 шақырым жерде. Зауыт Былқылдақ көліне 9,8 шақырым, су айдындарына 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан.

Жоба екі кезеңнен тұрады: құрылыс және пайдалану. Нысан құрамына ТҚҚ сұрыптау цехы, әкімшілік-тұрмыстық корпус, ішкі инженерлік желілер, ұзындығы 18 метр болатын автотаразы (жүк көтергіштігі 80 тоннаға дейін), компост алаңы және абаттандыру жұмыстары кіреді.

Құрылыс кезінде болатын ықтимал зиянды факторлар да ескерілген: жер қазу жұмыстары, экскаваторлардың жұмысы, дәнекерлеу, металл кесу, сырлау, құбыр дәнекерлеу, асфальттау.

– Жобаға сәйкес қоқыс сұрыптау кешеніне тұрмыстық қатты қалдықтар түседі. Өндірістік желінің қуаты – жылына 150 мың тоннаға дейін. Сұрыптау фракциялар бойынша жүргізіледі: макулатура, картон, полиэтилен, ПЭТ, алюминий банкалары, металдар, пластмасса, – деп түсіндірді Гаухар Ақберген.

Қалдықтар алдымен қабылдау алаңына жеткізіледі, онда радиациялық бақылаудан өтеді. Тек содан кейін ғана көлікке түсіруге рұқсат беріледі. Алдымен ірі көлемді және бөгде заттар алынады – шамамен төрт пайыз (алты мың тонна). Содан соң қалдықтар алдын ала сұрыптаудан өтеді. Мұнда қолмен картон, шыны, мата, полиэтилен бөлінеді. Нәтижесінде пластиктің жоғары қысымды түрі – үш пайыз (4,5 мың тонна), қағаз бен картон – бес пайыз (7,5 мың тонна), шыны– 4,6 пайыз (8,25 мың тонна) алынады.

Келесі кезеңде қалдықтар барабан-сепараторға түседі. Мұнда көлемі 80 мм-ден кіші фракциялар (органика және ұсақ бөлшектер) бөлінеді – шамамен 40 пайыз (24 мың тонна). Сондай-ақ қара металдар алынады – ек пайыз (үш мың тонна).

Негізгі сұрыптау алаңында қалдықтар конвейер арқылы өтіп, магниттік сепаратордан өтеді. Ол ұстап алған металл бөлек жиналады, қалғаны – қайта өңделмейтін қалдық ретінде басқа бункерге жіберіледі.

Қолмен сұрыптау 20 постта жүргізіледі. Алдын ала есеп бойынша, түрлі пластик – 10 пайыз (15 мың тонна), алюминий банкалары – 0,5 пайыз (750 тонна). Бұл фракциялар престеліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Ал жарамсыз қалдықтар – шамамен 30 пайыз (45 мың тонна) – уақытша сақталып, кейін полигондарға шығарылады.

– Жұмысшылар конвейердің қасында тұрып, қағаз, картон, пластик, шыны, металл сияқты құнды фракцияларды қолмен бөліп алады. Одан кейін олар престеледі. Картон, макулатура, алюминий, пластик жоғары қысыммен престеліп, салмағы 150-300 келі болатын блоктарға айналады, – деді Гаухар Ақберген.

Компост алаңы жол плиталарынан жасалады. Оның негізінде – органикалық қалдықтардың биологиялық ыдырау процесі жатыр. Алынған компост қаланы көгалдандыруда қолданылады.

Инвентаризация нәтижесінде жеті стационарлық көз анықталды. Барлық шығарындылар реттелетін болады. Құрылыс кезінде атмосфераға шығатын зиянды заттар көлемі – 18,5 тонна.

– Зауыт жыл сайын 27,8 тонна қалдық шығарады. Оның ішінде алты фракция – пластикалық қаптама, қағаз, картон, қара және түсті металл, алюминий банкалары қайта өңделеді. Тағам қалдықтары компост алаңына жіберіледі. Қалған қалдықтар алты айдан артық сақталмай, утилизацияға кетеді, – деп толықтырды Гаухар Ақберген.

Қоғамдық тыңдау офлайн және онлайн форматта өтті. Эколог, «Байтақ» жасылдар партиясының мүшесі Ержан Оразалинов жобаның маңызын атап өтіп, қолмен сұрыптауда жұмысшылардың еңбек жағдайларына назар аударуды ұсынды.

– Санитарлық жағдайлар қарастырылуы керек, мысалы жуыну бөлмесі, асхана. Сондай-ақ битумды өңдеу, жанармай сақтау мен құюды ұйымдастыру маңызды. Бұл – экологиялық тұрғыдан пайдалы жоба. Егер сұрыптау жүргізілмесе, қоқыс орындары жанады. Сұрыптау өрт пен улы газдар шығу қаупін азайтады. Пластикті жағу – у. Бұл жерде қалдықтар қайта өңделеді. Мен жобаны қолдаймын. Ол экологиялық қауіпсіздікті жақсартады, – деді ол.

Айта кетейік, Павлодар облысында жыл сайын 300 мың тоннаға жуық қалдық түзіледі, оның тек үштен бірі – шамамен 100 мың тоннасы ғана қайта өңделеді. Өңірде 321 ТҚҚ полигоны бар, алайда олардың тек төртеуі экологиялық талаптарға сәйкес келеді.

Жақында ғана қоғамдық кеңес отырысында да қоқыс мәселесі талқыланған болатын. Белгілі болғандай, биліктің қолында екі жыл ғана бар: қазіргі қоқыс полигоны 2027 жылға дейін ғана пайдалануға рұқсат алған.