Павлодарда бүлінген футбол алаңдары кезең-кезеңімен жөнделуде

Павлодарда бүлінген футбол алаңдары кезең-кезеңімен жөнделуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстарды 15 шілдеге дейін аяқтау көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.

Жаз мезгілінің басталуымен қала аулаларындағы футбол алаңдары балалар мен жасөспірімдердің сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Сонымен қатар, маған тұрғындардан футбол алаңдарының жай-күйіне қатысты өтініштер тұрақты түрде келіп түседі. Кейбір алаңдарда қақпалар, қоршаулар, торлар немесе жасанды жабын бүлінген, - деді қала әкімі.

Аулалардағы футбол алаңдарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысқан шаһар басшысы жауапты қызметтерге тұрғындардың өтінішін күтпей-ақ, алаңдардың жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді тапсырды. Анықталған барлық ақаулар күрделі жөндеу жұмыстарын күтпей, жедел түрде жойылуы тиіс екенін айтты.

— Биыл 30-дан астам футбол алаңын жаңарту жоспарланған. Нысандарда қоршаулар, жасанды жабын және торлар ауыстырылуда. Жұмыстарды әрқайсысында 7-10 адамнан тұратын төрт бригада жүргізіп жатыр. Барлық жұмысты 15 шілдеге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Хасар Хабылбеков.

Облыс орталығының әкімі жауапты мамандарға осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, футбол алаңдарының жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.