Павлодарда екі велосипедші көлік астына түсті

Олар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өткен демалыс күндері жедел жәрдемге жүктеме 20% артты. Егер өткен бейсенбіде жедел жәрдем қызметі 627 шақыртуды қабылдаса, сенбіде «103» желісіне түскен қоңыраулар саны 768-ге жеткен.
– 6 маусым күні Малайсары батыр көшесінің ауласында көлік жүргізушісі алты жастағы баланы қағып кетті. Балаға жабық бас жарақаты, ми шайқалуы және аяқтың көгеруі сияқты диагноздар қойылды. Ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – деді облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінде.
7 маусымда Толстой және Қамзин көшелерінің қиылысында велосипедші көлік астына түсті. 1972 жылы туған ер адам жамбас сүйегінің көгеруі диагнозымен Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілді.
Сол күні Қамзин көшесіндегі тубдиспансер маңында тағы бір велосипедші зардап шекті. Көлікпен соқтығысқаннан кейін 1993 жылы туған ер адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді.
Демалыс және мереке күндері жедел жәрдем қызметіне түсетін шақыртулар саны дәстүрлі түрде артады. Соған қарамастан, тәулігіне үздіксіз жұмыс істейтін 70 медициналық бригада жүктеменің артуына қарамастан, өз жұмыстарын ойдағыдай атқаруда.
– Демалыс күндері жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлар жиі орын алады, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Оның сөзінше, жаз мезгілінде судағы қайғылы оқиғаларға байланысты шақыртулар көбейеді. Адамдар демалуға, серуендеуге жиі шығады. Сол себептен пациенттердің де саны да артады. Жедел жәрдем қызметкерлері Павлодар облысы тұрғындарын өз қауіпсіздігіне және денсаулығына көбірек мән беруге шақырады.