Павлодарда ЭКО арқылы жүздеген отбасы ата-ана бақытына бөленіп отыр
Бағдарлама өңірдің демографиялық өсіміне оң әсер еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2021 жылдан бері Қазақстанда бедеулік мәселесі бар отбасыларды қолдауға бағытталған «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында жыл сайын 7000 ЭКО квотасы бөлінеді.
Павлодар облысында да квота арқылы сәби сүйген отбасылар саны артып келеді. 2021 жылдан бастап өңірде жалпы 1622 квота берілген. Биыл 110 отбасы квота алып үлгерсе, тағы шамамен 600 жұп кезекте тұр.
ЭКО квотасын алу үшін ерлі-зайыптылар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Алдымен жергілікті емханаға жүгініп, репродуктолог пен урологтың тексеруінен өтеді.
Әйелдерге гормондық тексеріс, ультрадыбыстық зерттеу, овариалды резервті анықтау және жүктілікке қарсы көрсеткіштердің бар-жоғына талдау жүргізіледі. Ер адамдар спермограмма тапсырады. Талаптарға сәйкес келген жұптар сол жылдың квотасын ала алады.
Облыстық отбасыны жоспарлау және денсаулықты дамыту орталығының репродуктологі Алма Катпина бедеулік мәселесін уақытында емдеу маңызды екенін айтты.
- Егер отбасын құрғаннан кейін 1 жылдың ішінде жүктілік болмаса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Бастапқы тексеру үш айға дейін созылу мүмкін. ЭКО - емнің соңғы кезеңі. Алдымен гормондық теңгерім түзетіледі, овуляцияны ынталандыру жасалады. Қажет болса хирургиялық ем қолданылады. Ер адамдарда спермогенез қалпына келтіріледі. Егер алты ай ішінде нәтиже болмаса, науқас ЭКО бағдарламасына жіберіледі, - дейді дәрігер.
Мамандардың айтуынша, жүктілікті жоспрлауға дайындықты кемінде алты ай бұрын бастаған жөн.