Павлодарда экспорт табысы туралы есеп бермеген кәсіпкерлерге айыппұл салынды

Сот үкімдері заңды күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, экспорттық-импорттық валюталық бақылау шетелдік компаниялардың павлодарлық кәсіпорындар алдындағы міндеттемелерін орындамау фактілерін анықтады. Сома 1 665 мың АҚШ долларынан асты.
Павлодарлық кәсіпорындар ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде астық, картоп, күнбағыс тұқымын экспорттап, экспорттан түскен табыстарды банк шоттарына есепке алмаған.
– «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңның тоғызыншы бабына сәйкес резидент экспорт немесе импорт валюталық шартында көзделген мерзімдерде ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялауды қамтамасыз етуге міндетті, – деді ведомствода.
Павлодар қалалық және облыстық соттары резидент кәсіпорындарды кінәлі деп тапты. ҚР ӘҚБтК-нің 251-бабы бойынша олар 215 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс. Сот шешімдері заңды күшіне енді.