Павлодарда екі экопарк құрылады
Бірінші жасыл аймақ- Усолкадағы жоба қайта өңдеуге жіберілді, ал екіншісі әлі де жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Марина Регатунова өңірдегі қалаларда экопарктер құру мәселесін көтерді.
– Облыс басшысы қалалар жанында парктер мен демалыс аймақтарын құру қажеттігін айтқан болатын. Бұл бастама лайықты түрде жүзеге асырылса екен деймін. Сонымен қатар, Ақсу мен Екібастұздың бас жоспарларында жасыл аймақтар қарастырылған, – деді Марина Регатунова.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов бұл бағытта жұмыс жалғасып жатқанын және тиісті органдардың бақылауында екенін атап өтті.
– Усолка бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның бір бөлігі экопаркте жаңартылған энергия көздерін – күн және жел энергиясын пайдалану үшін қайта өңдеуге жіберілді. Усолка үшін бұл қолайлы вариант. Екінші жоба Жібек жолы көшесі мен Малайсары көшесінің арасындағы аумақта, Суворов зираты мен тұрғын үйлердің жанында қарастырылуда. Онда біз тазартып қойған үлкен бос аумақ бар. Қала әкімдігі екінші жасыл аймақты табиғи ландшафты сақтай отырып құру мәселесімен айналысады, – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Усолкадағы жағалау аумағын абаттандырудың ауқымды жобасы 2022 жылдың жазынан бері әзірленуде. Павлодарлықтарға арқанды парк, заманауи спорт алаңқайлары, балық аулау аймақтары, балалар және ойын алаңқайлары, пикник пен кемпинг орындары, сондай-ақ гольф алаңқайы уәде етілген. Аумақты табиғи материалдарды пайдалана отырып абаттандыру жоспарлануда.
Өңір басшысы тұрғындарды алаңдататын экология тақырыбына да тоқталды.
– Облыстың экологиялық саясаты бірте-бірте жүйелі және технологиялық шешімдерге көшуде. Бүгінгі таңда шығарындыларды бақылау жүйесі 11 кәсіпорында орнатылған, ал биыл мұндай жүйелер тағы төрт кәсіпорында пайда болады, – деді Асайын Байханов.
Павлодарда жылына 150 мың тонна қоқысты өңдейтін алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені салынуда. Сұрыптау желісінен пластик, қағаз, шыны, металл, ағаш және тоқыма өнімдері алынады. Кезекте сұрыптаудың екінші кезеңі іске қосылады. Ол азық-түлік қалдықтарын компостирлеуге және абаттандыру қажеттіліктері үшін органикалық тыңайтқыш алуға мүмкіндік береді.
2024–2025 жылдары өңір кәсіпорындары санитарлық-қорғау аймақтарында және өндірістік алаңқайларда 40 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл тәжірибе биыл да жалғасады.