Павлодарда Ертістегі паром тарифі неге қымбаттады?
Баға өсіміне тұрғындар шағымданған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде Ертіс өзені арқылы өтетін паром өткеліндегі қызмет құнының өсуіне байланысты антимонополиялық тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Мәселе тұрғындардың шағымынан кейін назарға алынған.
Павлодар облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің басшысы Әділет Мұрсаловтың айтуынша, алғашқы деректер тасымал бағасының шамамен 20-40 пайызға өскенін көрсетеді. Кейбір қызмет түрлерінің құны бес мың теңгеден сегіз мың теңгеге дейін қымбаттаған.
– Қазіргі уақытта бағаның негізді немесе негізсіз екенін анықтау мақсатында тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Заң бұзушылық әлі дәлелденген жоқ, сондықтан түпкілікті қорытынды жасауға ерте, – деді ол.
Өткелдегі тарифтер көлік түріне қарай сараланады. Жолаушыларға, жеңіл автомобильдерге, ауыл шаруашылығы техникасына және басқа да көлік құралдарына жеке баға белгіленген. Биыл жеңіл көліктер де бірнеше санатқа бөлініп, көлемі үлкен машиналарға, соның ішінде джиптер мен кроссоверлерге бөлек тариф енгізілген.
Мамандардың мәліметінше, аталған өткел монополиялық сипаттағы нысан ретінде қарастырылады. Себебі, осы учаскеде Ертіс арқылы өтудің баламасы жоқ. Өзге көпірге шығу мүмкіндігі болмағандықтан, тұрғындар бұл тасымал түрін пайдалануға мәжбүр.
Бұл ретте нарықтың 35 және одан да көп пайызын иелену субъектінің үстем жағдайын білдіруі мүмкін. Ал монополист деп нарықта 100 пайыз үлесі бар жалғыз субъект танылады.
Тергеп-тексеру үш айға дейін жүргізіледі және қажет болған жағдайда мерзімі ұзартылуы мүмкін. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданып, заң бұзушылық анықталған жағдайда мәселе сот тәртібімен қаралуы ықтимал. Тарифті төмендету немесе бұрынғы деңгейіне қайтару туралы шешім құқық бұзушылықтың дәлелденуіне байланысты қабылданады.
Департаменттің осы кезеңдегі жұмысы тек Ертіс өткеліндегі баға мәселесімен шектелмейді. Өңірдегі тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне қатысты тоғыз талдау жүргізілген. Олардың қатарында қантты көтерме сату, АИ-92 бензині, дизель отыны, азық-түлік нарықтарындағы сауда орындарын ұсыну және өзен өткелдері бар.
Зерттеу барысында үстем жағдайды теріс пайдалану, бәсекелестікке қарсы әрекеттер және жосықсыз бәсекелестік белгілеріне назар аударылады.
Есепті кезеңде ведомство азаматтар мен заңды тұлғалардың 80-нен астам өтінішін қараған. Олардың қатарында қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жеке кәсіпкерлер айналысуы тиіс салаларға шығуына қатысты шағымдар бар.
– Өтініштердің әрқайсысы егжей-тегжейлі зерделенеді. Құзыретімізге кіретін мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданады. Ал басқа жағдайларда азаматтарға қай мемлекеттік органға немесе ұйымға жүгіну керектігі түсіндіріледі, – деді департамент басшысы.
Қала аумағында Ертіс арқылы адамдар мен көліктерді тасымалдайтын бірнеше жеке тасымалдаушы бар. Сондықтан олардың монополист немесе доминант ретінде танылуына негіз жоқ. Себебі, бұл қызмет түрінде балама ұсыныстар бар.
Антимонополиялық заңнама табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтарды қоспағанда, тауар нарықтарына қолданылады. Реттелетін салаларда баға мен нарық субъектілерінің әрекетіне заңмен белгілі бір шектеулер қойылуы мүмкін. Ал еркін бәсекелестік жағдайында антимонополиялық талаптар толық көлемде сақталуы тиіс.
Департаментке түсетін өтініштер дәрі-дәрмек, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар, ауыр өнеркәсіп және басқа да салаларға қатысты.
Қазір дәрілік заттар нарығына да талдау жүргізіліп жатыр. Зерттеу барысында баға белгілеумен қатар, ірі жеткізушілердің шағын дәріханаларға жағдай жасауы, контрагенттерді кемсітуі, нарыққа кіруге кедергілер қалыптастыруы және тауар жеткізу шарттары қаралады.
Бұл бағыттағы зерттеу Қазақстан бойынша жүргізілуде. Павлодар облысындағы талдау нәтижелері жұмыс аяқталғаннан кейін жыл соңында жарияланады.
Ведомство осы бағыттағы мониторинг пен талдауларды әрі қарай да жалғастырады.